Күн Есіл елімен ертеңге дейін қоштасып, өзге көкжиектерден көрінуге асыққан уақыт. Қараңғы кеш. Есіл жағасында екі бала ақ раушан гүлін сатып алуды өтінді. 700 теңге.
- Қанша?
- 700 теңге.
-… алмай ма ешкім?
- Иә, алмайды.
Өзім бес жүзге алдым, жеті жүзге сатсам, екі жүз – пайда.
Білесіз бе,
сол сәтте, шығынға шыққан баланы емес,
аядым гүлді…
Тағдыры саудаға түскен,
Жаралған «пайдалы» іске…
…Жас бала гүлмен асырмақ айла…
Пайда.
Қалтамды тескен тиындар қайда?!
Құйындар қайда?!
кеудемде ойнап,
санама бойлап, ерік бермеген?
Ұсынар гүлді Мамыр ай қайда?!
Кімге?!
Неге
алмайды анау шамдар астында тұрған
көрікті қызға бөрікті ерлер?
Бәлкім, бәрі де
жалғыздықтан қорқып келгендер…
Менен үмітін үзіп,
үнемі толы мейманға,
жағалауды жағалаған жүгірді мейрамханаға.
Өтпеді тағы… Өкпелі бала…
Кім үйретті сені балалықтан саудаға?!
Заман?!
Тұрмыс?!
Нарық?! – бар болмысты айналдырған тауарға?!
700-500=200
Жүйрік ойға жылдам жеткен жауаптар
Тек қауіпті –
Тау талантқа тас қопарар талаптар!